Павлодар облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы
Басты ҚР Президентінің Жолдаулары МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ «БОЛАШАҚҚА БАҒДАР: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» АТТЫ МАҚАЛАСЫ. ХХІ ҒАСЫРДАҒЫ ҰЛТТЫҚ САНА ТУРАЛЫ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ «БОЛАШАҚҚА БАҒДАР: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» АТТЫ МАҚАЛАСЫ. ХХІ ҒАСЫРДАҒЫ ҰЛТТЫҚ САНА ТУРАЛЫ

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ «БОЛАШАҚҚА БАҒДАР: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» АТТЫ МАҚАЛАСЫ. ХХІ ҒАСЫРДАҒЫ ҰЛТТЫҚ САНА ТУРАЛЫ

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ «БОЛАШАҚҚА БАҒДАР: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» АТТЫ МАҚАЛАСЫ. ХХІ ҒАСЫРДАҒЫ ҰЛТТЫҚ САНА ТУРАЛЫ

 

КІРІСПЕ

Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Мен жыл басындағы халыққа Жолдауымда Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғанын жарияладым.

Осылайша, біз қайта түлеудің айрықша маңызды екі процесі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға алдық.

Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу.

Аталған екі жаңғыру процесінің де нақты мақсат-міндеттері, басымдықтары мен оған жеткізетін жолдары бар. Мен көздеген жұмыстарымыздың бәрі дер уақытында және барынша тиімді жүзеге асарына сенімдімін. Бірақ, ойлағанымыз орындалу үшін мұның өзі жеткіліксіз.

Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады.

Рухани жаңғыру тек бүгін басталатын жұмыс емес.

Біз Тәуелсіздік кезеңінде бұл бағытта бірнеше ауқымды іс атқардық.

2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандарды жаңғырттық.

2013 жылы «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы арқылы әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелі түрде жинап, зерттедік.

Енді осының бәрінен де ауқымды және іргелі жұмыстарды бастағалы отырмыз.

Мен еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы көзқарастарымды ортаға салуды жөн көрдім.

І. ХХІ ҒАСЫРДАҒЫ ҰЛТТЫҚ САНА ТУРАЛЫ

Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек.

ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады.

Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай.

Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық.

Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық  дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды.

Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды.

Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы.

Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын.

Бұл ретте, тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытын атап өтер едім.

Бәсекелік қабілет

Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады.

Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін.

Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы,  компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында.

Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы.

Прагматизм

Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес.

Төл тарихымызға, бабаларымыздың өмір салтына бір сәт үңіліп көрсек, шынайы прагматизмнің талай жарқын үлгілерін табуға болады.

Халқымыз ғасырлар бойы туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтап, оның байлығын үнемді, әрі орынды жұмсайтын теңдесі жоқ экологиялық өмір салтын ұстанып келді.

Тек өткен ғасырдың ортасында, небәрі бірнеше жыл ішінде миллиондаған гектар даламыз аяусыз жыртылды. Бағзы замандардан бері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келген ұлттық прагматизм санаулы жылда адам танымастай өзгеріп, ас та төк ысырапшылдыққа ұласты. Соның кесірінен, Жер-Ана жаратылғаннан бері шөбінің басы тұлпарлардың тұяғымен ғана тапталған даланың барлық құнары құрдымға кетті. Түгін тартсаң майы шығатын мыңдаған гектар миялы жерлеріміз экологиялық апат аймақтарына, Арал теңізі аңқасы кепкен қу медиен шөлге айналды.

Осының бәрі – жерге аса немқұрайлы қараудың ащы мысалы.

Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек.

Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді.

Нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану – мінез-құлықтың прагматизмі деген осы.

Бұл – заманауи әлемдегі бірден-бір табысты үлгі. Ұлт немесе жеке адам нақты бір межеге бет түзеп, соған мақсатты түрде ұмтылмаса, ертең іске аспақ түгілі, елді құрдымға бастайтын популистік идеологиялар пайда болады.

Өкінішке қарай, тарихта тұтас ұлттардың ешқашан орындалмайтын елес идеологияларға шырмалып, ақыры су түбіне кеткені туралы мысалдар аз емес. Өткен ғасырдың басты үш идеологиясы – коммунизм, фашизм және либерализм біздің көз алдымызда күйреді.

Бүгінде радикалды идеологиялар ғасыры келмеске кетті. Енді айқын, түсінікті және болашаққа жіті көз тіккен бағдарлар керек. Адамның да, тұтас ұлттың да нақты мақсатқа жетуін көздейтін осындай бағдарлар ғана дамудың көгіне темірқазық бола алады. Ең бастысы, олар елдің мүмкіндіктері мен шама-шарқын мұқият ескеруге тиіс.

Яғни, реализм мен прагматизм ғана таяу онжылдықтардың ұраны болуға жарайды.

Ұлттық бірегейлікті сақтау

Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді.

Оның екі қыры бар.

Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту.

Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту.

Қазір салтанат құрып тұрған жаңғыру үлгілерінің қандай қатері болуы мүмкін?

Қатер жаңғыруды әркімнің ұлттық даму үлгісін бәріне ортақ, әмбебап үлгіге алмастыру ретінде қарастыруда болып отыр. Алайда, өмірдің өзі бұл пайымның түбірімен қате екенін көрсетіп берді. Іс жүзінде әрбір өңір мен әрбір мемлекет өзінің дербес даму үлгісін қалыптастыруда.

Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс.

Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана.

Сонымен бірге, жаңғыру ұғымының өзі мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу дегенді білдіреді.

Мысалы, жершілдікті алайық. Әрине, туған жердің тарихын білген және оны мақтан еткен дұрыс. Бірақ, одан да маңыздырақ мәселені – өзіңнің біртұтас ұлы ұлттың перзенті екеніңді ұмытуға әсте  болмайды.

Біз әркім жеке басының қандай да бір іске қосқан үлесі мен кәсіби біліктілігіне қарап бағаланатын меритократиялық қоғам құрып жатырмыз. Бұл жүйе жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстықты көтермейді.

Осының бәрін егжей-тегжейлі айтып отырғандағы мақсатым – бойымыздағы жақсы мен жаманды санамалап, теру емес. Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын.

Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды.

Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек.

Білімнің салтанат құруы

Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет.

Тәуелсіздік жылдарында қыруар жұмыс жасалды. Біз он мыңдаған жасты әлемнің маңдайалды университеттерінде оқытып, дайындадық. Бұл жұмыс өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында қолға алынған «Болашақ» бағдарламасынан басталды. Елімізде өте жоғары деңгейдегі бірқатар университеттер ашылды, зияткерлік мектептер жүйесі қалыптасты. Басқа да көптеген іс тындырылды.

Дегенмен, білімнің салтанаты жалпыға ортақ болуға тиіс. Оның айқын да, бұлтартпас себептері бар. Технологиялық революцияның беталысына қарасақ, таяу онжылдық уақытта қазіргі кәсіптердің жартысы жойылып кетеді.

Экономиканың кәсіптік сипаты бұрын-соңды ешбір дәуірде мұншама жедел өзгермеген.

Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді.

Осыны бек түсінгендіктен, біз білімге бөлінетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылып отырмыз.

Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді.

Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы

Биыл Еуразия құрлығының ұлан-ғайыр аумағын астаң-кестең еткен 1917 жылдың қазан айындағы оқиғаға 100 жыл толады.

Күллі ХХ ғасыр революциялық сілкіністерге толы болды. Бұл осы аумақтағы барша ұлттарға мейлінше әсер етіп, бүкіл болмысын өзгертті.

Әрбір жұрт тарихтан өзінше тағылым алады, бұл – әркімнің өз еркіндегі шаруа.

Біреуге өзіңнің көзқарасыңды еріксіз таңуға ешқашан болмайды. Бізге тарих туралы өздерінің субъективті пайымдарын тықпалауға да ешкімнің қақысы жоқ.

Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды.

Біріншіден, ұлттық дамудың көнеден жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылды.

Екіншіден, ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық соққы жасалды. Оның жарасы бір ғасырдан бері әлі жазылмай келеді.

Үшіншіден, қазақтың тілі мен мәдениеті құрдымға кете жаздады.

Төртіншіден, еліміздің көптеген өңірлері экологиялық апат аймақтарына айналды.

Әрине, тарих тек ақтаңдақтардан тұрмайды.

ХХ ғасыр Қазақстанға бірқатар игіліктерін де берді.

Индустрияландыруды, әлеуметтік және өндірістік инфрақұрылымдардың құрылуын, жаңа интеллигенцияның қалыптасуын осыған жатқызуға болады.

Бұл кезеңде елімізде белгілі бір  жаңғыру болды. Бірақ, бұл – ұлттың емес, аумақтың жаңғыруы еді.

Біз тарихтың сабағын айқын түсінуіміз керек. Революциялар дәуірі әлі біткен жоқ. Тек оның формасы мен  мазмұны түбегейлі өзгерді.

Біздің кешегі тарихымыз бұлтартпас бір ақиқатқа – эволюциялық даму ғана ұлттың өркендеуіне мүмкіндік беретініне көзімізді жеткізді.

Бұдан сабақ ала білмесек, тағы да тарихтың темір қақпанына түсеміз. Ендеше, эволюциялық даму қағидасы әрбір қазақстандықтың жеке басының дербес бағдарына айналуға тиіс.

Бірақ, қоғамның эволюциялық дамуы қағида ретінде мәңгі тұмшаланудың синонимі емес.

Сол себепті, тарихтың ащы сабағын түсініп қана қоймай, өзіміз күнде көріп жүрген қазіргі құбылыстардан ой түйіп,  болашақтың беталысына қарап, пайым жасай білу де айрықша маңызды.

Бүгінде революциялар өңін өзгертіп, ұлттық, діни, мәдени, сепаратистік перде жамылды. Бірақ, бәрі де, түптеп келгенде, қантөгіспен, экономикалық күйреумен аяқталатынын көріп отырмыз.

Сондықтан, әлемдегі оқиғаларды ой елегінен өткізіп, қорытынды жасау – қоғамның да, саяси партиялар мен қозғалыстардың да, білім беру жүйесінің де ауқымды дүниетанымдық, рухани жұмысының бір бөлігі.

Сананың ашықтығы

Көптеген проблема әлемнің қарқынды өзгеріп жатқанына қарамастан, бұқаралық сана-сезімнің «от басы, ошақ қасы» аясында қалуынан туындайды.

Бір қарағанда, жер жүзіндегі миллиардтан астам адам өзінің туған тілімен қатар, кәсіби байланыс құралы ретінде жапатармағай оқып жатқан ағылшын тілін біздің де жаппай және жедел үйренуіміз керектігі еш дәлелдеуді қажет етпейтіндей.

Еуропалық Одақтың 400 миллионнан астам тұрғыны ана тілдері – неміс, француз, испан, итальян немесе басқа да тілдерді  сыйламай ма? Әлде 100 миллиондаған қытай мен индонезиялықтар, малайлар ағылшын тілін еріккеннен үйреніп жатыр ма?

Бұл – бәзбіреулердің әншейін қалауы емес, жаһандық әлемге еркін кірігіп, жұмыс істеудің басты шарты.

Бірақ, мәселе бұған да тіреліп тұрған жоқ. Сананың ашықтығы зерденің үш ерекшелігін білдіреді.

Біріншіден, ол дүйім дүниеде, Жер шарының өзіңе қатысты аумағында және өз еліңнің айналасында не болып жатқанын түсінуге мүмкіндік береді.

Екіншіден, ол жаңа технологияның ағыны алып келетін өзгерістердің бәріне дайын болу деген сөз. Таяудағы он жылда біздің өмір салтымыз: жұмыс, тұрмыс, демалыс, баспана, адами қатынас тәсілдері, қысқасы, барлығы түбегейлі өзгереді. Біз бұған да дайын болуымыз керек.

Үшіншіден, бұл – өзгелердің тәжірибесін алып, ең озық жетістіктерін бойға сіңіру мүмкіндігі. Азиядағы екі ұлы держава – Жапония мен Қытайдың бүгінгі келбеті – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудың нағыз үлгісі.

«Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті, әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі.

Егер қазақстандықтар жер жүзіне үйден шықпай, терезеден телміріп отырып баға беретін болса, әлемде, құрлықта, тіпті іргедегі елдерде қандай дауыл соғып жатқанын көре алмайды.

Көкжиектің арғы жағында не болып жатқанын да біле алмайды. Тіпті, бірқатар ұстанымдарымызды түбегейлі қайта қарауға мәжбүрлейтін сыртқы ықпалдардың байыбына барып, түсіне де алмай қалады.


2017-05-20 10:04:16

СЕНIМ ТЕЛЕФОНЫ
32-91-74
CALL CENTER

Жаңалықтар мұрағаты

акорда 100 100

СұрақСұрақтар мұрағаты

Ауданның қандай мәселесі Сізді көбірек алаңдатады?
Дауыс берді: 35
Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми сайты
Стратегиясы Қазақстан 2050
ҚР Президентінің "Нұрлы жол – болашаққа бастар жол" атты Жолдауы
Павлодар облысының әкімдігі
Халықтық IPO бағдарламасы
Қазақстан Республикасының Электрондық үкіметі
Қазақстан Стратегиясы 2050
Центр оценки эффективности деятельности государственных органов Республики Казахстан
EXPO 2017
Назарбаев орталығы
ҚР Әділет министрлігі
ҚАЗТЕСТ
Қазақстан Республикасының электрондық лицензиялауы
Отау ТВ
Павлодар облысының ақпараттық ресурсы
Мүлікті жария ету
«Қазақстанның тұрғын үй жинақ банкі» АҚ
«Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ
Қазақстанның ветеринарлық дәрігерлерінің қауымдастығы
Сот кабинеті
Рухани әлем
Астана экономикалық форумы
  • Мекенжайы

    Павлодар қаласы,
    Қайырбаев көшесі, 32

  • Телефон

    8 (7182) 32-67-81
    32-81-14

  • E-mail

    tilder32@gmail.com

  • Соц. сети